Мемлекет басшысы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаровты қабылдады

31.01.2024

Қасым-Жомарт Тоқаевқа холдингтің 2023 жылғы қызметінің нәтижесі, соның ішінде кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіп кешеніне қолдау көрсету, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жөнінде есеп берілді.

Президентке былтыр холдинг активінің өсімі 12 пайыз болғаны туралы баяндалды. Компаниялар тобының инвестициялық және кредиттік портфелі 10 пайызға артқан. Ал таза табысы 7 пайызға жетіп, 400 миллиард теңгеден асқан.

Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, экономиканың нақты секторын дамыту шеңберінде «Бәйтерек» ірі жобалар мен лизингтік мәмілелерді қаржыландыру көрсеткішін 24 пайызға, микро, шағын және орта бизнестегі жобаларды қаржыландыру жоспарын 42 пайызға асыра орындады. Қазақстанның Даму банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қорының желісі бойынша 300 жоба мен лизингтік мәміле қаржыландырылып, 1,061 триллион теңге игерілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Агроөнеркәсіп кешеніне 554,7 миллиард теңге инвестиция құйылып, жоспарланған көлемнен 11 пайызға асты. Сондай-ақ 2023 жылы холдингтің еншілес компаниялары арқылы құрғақшылық пен ылғалдың шамадан тыс болуынан зардап шеккен 1,1 мың фермерге 48 миллиард теңге сомасында көмек көрсетілді.

Мемлекет басшысына былтыр холдинг арқылы 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгені жөнінде баяндалды. Тұрғын үй секторына 317,6 миллиард теңге инвестиция салынған. «Отбасы банк» акционерлік қоғамының ипотекалық бағдарламалары аясында жалпы сомасы 1 триллион теңгеден астам қарыз берілді.

Кездесуде холдингтің 2024 жылға арналған бастамалары туралы айтылды. Оның ішінде агроөнеркәсіп кешені жобаларына 370 миллиард теңге инвестиция құю және 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу, өңдеу өнеркәсібін, туристік саланы қаржыландыру, қалдықтарды қайта өңдейтін және сұрыптайтын зауыттар салу, 9-20-25 тұрғын үй бағдарламасын іске қосу сияқты шаралар бар.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Бәйтерек» холдингінің бастамаларын жүзеге асыру нәтижесінде оның ел экономикасына қосатын үлесі жыл соңына қарай 2022 жылмен салыстырғанда екі есе артатыны жайында баяндалды.

Мемлекет басшысы экономикалық өсім мен халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін жаңа бағдарламаларды іске қосу және кешенді тәсілдерді қолдану маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар холдингтің экономиканы әртараптандыру және стратегиялық мәні зор салаларды дамыту бағытындағы жұмысын жандандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Присоединяйтесь к нашей команде